..Көкшенің орманында Александр Альбертович Макаренконың табаны тимеген жер аз. Бұл төңіректің тау-тасын, орманын, қай маңда қай аңның көп жортатынын бес саусағындай біледі десек артық емес.
Осы өңірдің тумасы, осында өсті, осында оқыды, жұмысқа орналасты. Әскери борышын өтеген 2 жылды айтпағанда, саналы ғұмыры кіндік қаны тамған жерде өтіп жатыр.
Александр Альбертовичтің анасы Евгения Ивановна қазір Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханұлының есімімен аталатын Қазақ орман шаруашылығы және агломерация ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер болып еңбек еткен. Бүгінде құрметті еңбек демалысында. Әкесі Альберт Александрович болса осы ғылыми институтты басқарды.
Александр Альбертович мектеп бітіргеннен кейін Бурабай ауылшаруашылық техникумына түсіп, «техник құрылысшы» мамандығын алып шықты. Кеңес әскерінің қатарындағы борышын өтеп келіп, анасы мен әкесі еңбек еткен институтта біраз жыл еңбек етті. Одан кейін Бармашы орман шаруашылығында жұмыс істеді.
Ол «Бурабай» ұлттық паркінде 2000 жылдан, яғни ұлттық парктің іргесі қаланған уақыттан бері еңбек етіп келеді. Талай мәрте туған жердің орманын тілсіз жаудан құтқарып қалу үшін күресті, талай ағашты орманшының арасы мен балтасынан аман алып қалды, браконерлерге тосқауыл болды.
Орманды өрттен сақтау, қоқыстан тазарту, аң-құстардың санағын жүргізіп, екі аяқты жаулардан және табиғи апаттардан қорғау, ағаштардың санитарлық жағдайын тексеру, көшет отырғызу сияқты кезектесіп келіп отыратын қат-қабат жұмыстан қолы босаған емес. Еңбегі еленіп, ІІ, ІІІ дәрежелі «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгілерімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен, «Бурабай» ұлттық паркі директорының Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Бүгінде жасы алпысқа келсе де әлі тың. Өзі де құр қол отырғанды ұнатпайтын адам қыс түскеннен бері биотехникалық жұмыстармен айналысып, бұғылар мен бұландарға азық-түлік әзірлеудің қамымен жүр.